Баланың тамақтануындағы минералды заттардың рөлі
Минералды заттар – бала денесінің барлық жасушалары мен тіндерінің бөлігі болып табылады. Ол өзара макроэлементтер (кальций, фосфор, калий, натрий, магний), микроэлементтер (темір, мыс, йод, т.б.) болып бөлінеді.
Өсіп келе жатқан баланың денесінде кальций, фосфор, темір және магний химиялық заттарының болуы аса маңызды. Себебі, олар оның толыққанды және қалыпты дамуы үшін ықпал етеді.
Кальций: сүйек тіндері мен тістердің түзілуіне белсенді қатысады, жасуша мембраналарының құрамына, жүйке және бұлшықет жүйесінің қызметіне, қанның ұю процестеріне әсер етеді.
Кальцийдің сіңуіне D дәрумені, сондай-ақ оның тағамдағы фосфор тұздарымен белгілі қатынасы үлкен әсер етеді. Ол сүт және сүт өнімдерінде, сондай-ақ бұршақ және тауық жұмыртқасында көбірек болады.
Фосфор – сүйек тінінің қалыпты өсуі мен дамуы үшін қажет. Ол бұлшықет және ми тінінде болып, ақуыз және май алмасу процесіне қатысады. Жұмыртқаның сарысы, ет, бауыр, балық, ірімшік, сұлы және қарақұмық жармасы, бұршақ дақылдары — фосфорға бай.
Фосфор-кальций алмасуының бұзылуы – рахитке, тіс кариесіне, сүйек сынғыштығының жоғарылауына, орталық жүйке жүйесінің қызметінің бұзылуына әкеліп соқтырады.
Ал темір оттегінің жасушалар мен ұлпаларға берілуіне ықпал етеді, гемопоэзде маңызды рөл атқарып, гемоглобиннің құрамдас бөлігі болып табылады және тотығу-тотықсыздану процестеріне қатысады.
Ол жануарлардан алынатын өнімдерден және ілеспе тағамдық компоненттерден жақсы сіңеді. Ең көп мөлшері — бауырда, етте, сарыуызда, балықта, сондай-ақ кейбір жармаларда (сұлы, інжу арпа, қарақұмық), көк пиязда, ақжелкенде, салатта және жемістерде кездеседі.
Магний: сүйек тінін қалыптастыру үшін зат алмасуға қатысады, ферменттердің белсенділігіне және жүрек қызметіне әсер етеді. Оның жетіспеушілігінің салдарынан иммунитет төмендетіп, теріде жаралар пайда болады.
Баланың дұрыс дамуы үшін бірқатар басқа да элементтер қажет: натрий, калий.
Картоп, қырыққабат, сәбіз, көк, бұршақ, мейіз, қара өрік – калийге бай.
Баланың ағзасы дұрыс жұмыс істеуі үшін микроэлементтер де қажет: мыс, кобальт, мырыш, йод, фтор, марганец және т.б. Олардың жетіспеушілігі әртүрлі бұзылуларға әкеледі (кобальт, мыс, марганец жетіспесе – анемия, фтор - тіс кариесі, йод - қалқанша безінің қызметі, мырыш – өсу бұзылады).
Су – баланың ағзасында маңызды рөл атқарады: ол барлық метаболикалық процестерге қатысады және метаболизм өнімдерін жасушалардан тасымалдайды.