Ұлттың денсаулығына қауіп төндіретін үлкен қатер - вейптер мен электронды темекілер
Соңғы уақытта электронды темекілер сәнге айналып үлгерді. Оның себебі де жоқ емес.
Өйткені электронды темекілердің иісі шықпайды, барлық тұтынушы үшін қолжетімді, кез келген дүкендердің сөрелерінде еркін саудаланады. Әсіресе, бұл өнімге жастар мен жасөспірімдер қатты әуес болып, тіпті мектеп оқушыларының арасында кеңінен етек алып кеткені жасырын емес.
Вейптердің аса зиян екенін көп адам біле бермеді. Оны ішке тартқан кезде бөлінетін будың құрамында аллергиялық реакцияларды, іріңдеу процестерін, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуын тудыратын қауіпті заттардың 2000-нан астам түрі бар. Сонымен қатар, будың әсерінен тыныс алу мүшелері, орталық жүйке жүйесі зақымдалады, мутагендік процестер дамиды. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бастап вейп айналымына тыйым салуды енгізу мәселесін көтеріп келеді. Ең сорақысы, вейптарға толық тыйым салынбаса, онда он жылдан кейін ел өкпе ауруларының эпидемиясына ұшырауы мүмкін.
Бүгінде бұл жаман әдетке мектеп оқушыларының да әбден әуестеніп алғаны жасырын емес. Көбісі оларды қарапайым темекіге қарағанда зиянсыз деп есептейді.
Сонымен қатар, ата-аналардың балаларының бұл жаман әдетке әуестеніп жүргенін байқауы екіталай. Себебі, кәдімгі темекіден айырмашылығы, электронды жылыту құрылғыларынан темекіге тән иіс шықпайды, түрлі хош иістер бөлінеді. Оны қарапайым сағыздардың иісінен ажырату қиын.
Бір темекіде 1 мг/мл никотин болса, вейпте – 36 мг/мл. Яғни, темекіден 36 есе көп. Вейптарда сұйық химиялық никотин тікелей ауыз қуысына сіңеді және қан айналымының кіші шеңбері арқылы миға бірден енеді. Бұл никотин үшін мида көптеген рецепторлар пайда болады. Содан кейін бұл рецепторлар никотинді көбірек қажет етеді.