Скарлатина – бұл интоксикация белгілерімен (бас ауруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік) қатар, бадамша бездердің қабынуымен (ангина) және терінің бөртпелерімен бірге жүретін жоғарғы тыныс жолдарының жіті инфекциялық ауруы. Скарлатина – бұл адамдардың көпшілігі балалық шақта жұқтыратын балалар инфекциясы. Аурудан кейінгі иммундық қорғаныс өмір бойы сақталады. Скарлатина үшін вакцинация көзделмеген.
Инфекция көзі – ауру адам немесе стрептококк инфекциясының тасымалдаушысы. Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы – 2 жастан 8 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, өйткені олар стрептококкқа өте сезімтал. Адам ауырғаннан кейін инфекцияның тасымалдаушысы болады және оны жұқтырған сәттен бастап одан кейінгі 3 аптада басқа адамдарға жұқтыра алады. Аурудан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады.
Инфекцияның негізгі берілу жолы – ауа-тамшылы.
Аурудың алғашқы белгілері стрептококк инфекциясын жұқтырғаннан кейін 2-7 күн өткен соң пайда болады – алдымен температура 39-40°C дейін көтеріледі, содан кейін әлсіздік, бас ауруы пайда болады, кейде бұл белгілер бір рет құсумен бірге жүреді. Жұтыну кезінде ауырсыну сезіледі, жұтқыншақтың шырышты қабаттары гиперемияланған (қызыл), бадамша бездері үлкейіп, оларда сұрғылт жабын болады.
Скарлатинаның алдын алудың маңызды бөлігі жеке гигиенаны сақтау, балаларды қолды үнемі жууға, ауыз қуысын күтуге, жеке сүлгіні, тіс щеткасын, бөтелкені, ішетін шыныаяқты және басқа да жеке заттарды қолдануға үйрету болып қала береді – осы қарапайым шаралардың барлығы стрептококк инфекциясының таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарға бармау, үй-жайларды дымқыл тазалау және желдету, ЖРВИ белгілері бар адамдармен байланысты шектеу, ауру белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспау және дәрігерді үйге шақыру.