Қатерлі ісік – онкологиялық аурулардың кең тобының жалпы атауы. Оның пайда болуына ең алдымен канцерогендер ықпал етеді. Бұл заттар немесе сәулелер, жасушалардың ДНҚ-сын (дезоксирибонуклеин қышқылы, генетикалық ақпаратты тасымалдаушы молекулалар) зақымдап, қатерлі ісіктің болуын тудыруы мүмкін. Типтік канцерогендерге темекі, мышьяк (азот тобындағы химиялық элемент), асбест, рентген сәулелері, пайдаланылған газдардың қосылыстары жатады. Негізінде темекі шегу – барлық қатерлі ісіктен болатын өлімнің 30 пайызын тудырады. Тағы бір себеп – генетикалық бейімділік. Сонымен қатар вирустық аурулар да аталмыш аурудың пайда болуының маңызды факторларының бірі болып табылады. Мысалы, адам папилломавирусы – жатыр мойны обырының даму қауіпін арттырады. В және С гепатиті вирустары бауыр ісігін тудырады. Мамандар онкологиялық аурулардың алдын-алу үшін төмендегі ұсыныстарды әрдайым есте сақтауға кеңес береді: * темекі шегу мен алкогольді ішуден бас тарту; * өсімдік негізіндегі және майы аз әртүрлі пайдалы тағамдарды тұтыну; * тұзды, ысталған және қуырылған тағамдарды шектеу; * үнемі жаттығулар жасап, бірқалыпты салмақты сақтау; * ұйқы режимін дұрыстау; * күн сәулесінің әсерін шектеу; * тұрақты медициналық тексеруден өту. Есіңізде болсын: қатерлі ісік – өлім үкімі емес! Ерте кезеңдерде анықталған обыр емделетін ауру болып табылады. Қазіргі уақытта оның алдын алып, емдеуге заманауи әдістер бар, әсіресе аурудың бастапқы кезеңінде жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады.