Бүйрек ауруын бел ауруымен шатастырып алмаңыз
Дүние жүзінде миллиондаған адамдар бүйрек ауруымен ауырады.
Ол – ағзадағы негізгі фильтр, ақуыздың алмасуын реттеп, гормонды синтездейді және қан қысымын қалыпты ұстап, кальций элементі мен Д дәруменінің ағзаға сіңуін қамтамасыз етеді. Көп жағдайда бүйрек ауруының белгілері бел ауруымен ұқсас келеді. Сондықтан да кейбір адамдар дәрігерден кеңес алмай тұрып, өз бетінше бел ауруына қарсы ем жасап, түрлі әрекеттерге жүгінеді. Бірақ мұның арты аурудың асқынуына әкеліп соқтырады. Сол үшін де қандай ауру мазаласа да, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгініңіз.
Зәрдің көбіктенуі, түсінің өзгеруі, кіші дәретке отыру жиілігі, іштің ауыруы мен жүректің айнуы, бойдағы әлсіздік, қан қысымының көтерілуі – бүйрек аурының сыр беріп жүргенінің белгісі. Ал дерт асқынған жағдайда зәрде қан байқалып, дене қалтырап, бөртпелер пайда болып, адамда мазасыздық пайда болады.
Мамандардың айтуынша, бүйрек ауруы кезінде спорттың ауыр түрлерімен айналысуға болмайды. Атап айтсақ, бокс, футбол, күрес, жекпе-жек өнері. Себебі бүйрекке ауыртпалық түссе, асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан да өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.
Негізінде дұрыс ұйықтамау, жағымсыз әдеттер (алкоголь мен темекі), тұзды тағамдар, газдалған және басқа да тәтті сусындар, жиі инфекция жұқтыру, дәріні шамадан артық қабылдау – бүйрек ауруына себеп болады.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бойыңыздан ауру белгілерін байқаған бойда дәрігер қаралымына және кеңесіне жүгініңіз, мейлінше салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығыңызға күтім жасаңыз. Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда екенін естен шығармаңыз!