Сіз қаншалықты дұрыс тамақтанасыз?
«Ас тұрған үйде ауру тұрмайды» демекші, құнарлы әрі пайдалы тамақтану – түрлі аурулардың алдын алып, иммунитетті көтеруге және жұқпалы аурулардан сақтануға септігін тигізеді. Мамандардың айтуынша, сырқаттың 70-80 пайызы дұрыс тамақтанбағаннан пайда болады. Мысалы, артық калория мен ағзаға сіңбеген астың салдарынан семіздік пайда болып, оның арты қант диабеті ауруының дамуына себеп болады. Сондай-ақ, шамадан тыс тәтті жеу де диабетке душар етеді.Яғни, бұл уақытта ұйқы безге салмақ түсіп, салдарынан көп мөлшерде инсулин бөлінеді.
Ал, ащы тағамдар ағзадағы сұйықтықты бөгеп, несеп тас ауруы мен жүрек-тамыр жүйесі ауруларын тудырады.
Майлы тағамдар мен газдалған сусындардан да бастартқан абзал. Сонымен қатар, энергетикалық сусындарды мейлінше тұтынбауға тырысу керек. Себебі, оның құрамындағы кофеин жүйке жүйені әлсіретеді. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Жас ағза үшін тіпті зиян.
Дәрігерлер тамақты тек үстел үстінде жеуге кеңес береді. Себебі, теледидар алдында, болмаса, смартфон шұқылап немесе компьютер ойнап отырып ас ішілсе, тамақ мөлшерден артық желінеді. Ал, бұл уақытта асқазанға ауыртпашылық түсіп, дұрыс қорытылмайды. Тамақты тұрып ішуге болмайды және оны асықпай шайнап жеу қажет. Сонымен қатар, диетолог мамандары кешкі 6-дан кейін тамақ ішпеуге кеңес береді.
Қыз-келіншектер артық салмақтан арылу үшін диета ұстап жатады. Негізінде диетаны сақтау маманның қадағалауымен жүзеге асырылуы керек. Сіз арықтап, салмақ түскенімен ағзаға жақпай қалуы да әбден мүмкін.
Барлық адам денінің сау болғанын қалайды. Бірақ оған әрекет жасап, алдын алмайды. Аурудан сақтанудың басты жолы – салауатты өмір салтын ұстану екенін еске саламыз. Оның ішінде спортпен айналысу, дұрыс әрі құнарлы тамақтану. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз. Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!