Жастар арасында танымалдыққа ие тез әзірленетін тағамдардың (гамбургер, хот-дог, шаурма) денсаулыққа қаншалықты зиян екенінін естіп те, көріп те жүрміз. Бірақ кері әсері бола тұра тұтынушылар саны артпаса кеміген емес. Себеп: фастфуд тағамдарының бағасы қолжетімді, дәмді әрі асығыс болған кезде уақыт үнемдеуге болады.
Осы орайда, дәрігер мамандары фастфуд тағамдарын жиі тұтынғанда созылмалы аурулардың пайда болатынын, адамның психикасының бұзылуы мүмкін екендігін ескертеді және денедегі артық салмақтың пайда болуына бірден-бір себеп екенін айтады.
Фастфудта кездесетін транс майлар бауыр, жүрек-тамыр жүйесі, эндокриндік жүйенің проблемаларына әкеледі, сонымен қатар қатерлі ісіктердің пайда болу қаупін бірнеше есе арттырады. Негізінде адамдар үшін транс майлардың қауіпсіз мөлшері күнделікті рационның 1% - дан аспауы керек, ал фаст-фуд түскі асында мұндай майлардың шамамен 40% - ы бар.
Сонымен қатар, оның құрамында көптеген консерванттар, хош иістендіргіштер, денеге пайдалы емес бояғыштар бар (бұлар тәуелділіктің пайда болуына әсер етеді).
Ғалымдар балалар мен жасөспірімдерге қатысты зерттеу жүргізген, онда фастфудты үнемі тұтыну мен психикалық проблемалардың пайда болуы арасындағы байланыс орнатылған. Нәтижесінде балалар арасында мазасыздықтың жоғарылауы, депрессиялық жағдайларға бейімділік, негізсіз агрессия, реакциялардың жеткіліксіздігі және суицидтік көңіл-күй сияқты психикалық бұзылулар байқалған.
Бір сөзбен айтқанда,
фастфудтың зияны бұрыннан дәлелденген. Сондықтан да үйдегі тағамға артықшылық бере отырып, тез дайындалатын кафелер мен мейрамханаларға баруды азайқан жөн. Оның орнына дәрумендерге бай жемістер мен көкөністер тұтынған абзал.